Театр тарихы

 

Cолтүстік Қазақстан облысындағы тұңғыш кәсіби қазақ театрының ірге тасы 2000 жылы қаланды. Қазақстанның халық жазушысы, академик – Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына орай жаңа театрға жазушының есімі берілді. Осы бір қуанышты, мерекелі күнге ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қатысып, жаңа құрылған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының салтанатты лентасын қиды. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері жаңа театрдың негізін қалады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, театр педагогы – Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбектің сахналауымен С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» қойылымы аталмыш театрдың алғашқы шымылдығын түрді.

Содан бері театр аз жылдар ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдарды сахналап үлгерді. Айталық, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызы», Т.Минуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы, М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиғасы», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», А.Кирийдің «Зона немесе шибөрілері», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» т.б. айта берсең бүгінгі күнге дейін 100-ге тарта қойылымды сахналаған.

Қалалық, аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп гострольдік іс-сапарлар мен театр фестивальдерінде ұдайы кәсібилігін көрсетіп келе жатқан шығармашылық ұжым, өнер жолындағы жүрісінен әлі жаңылып көрген жоқ.

2001 жылы IX Республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиға» қойылымымен Гран-приді жеңіп алды.

2003 жылы Каирде өткен XV Халықаралық театрлар фестивалінде «Шың басында» атты экспериментті қойылым үздік ондық қатарынан орын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталды.

2004 жылы XII Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен қатысып, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «Үздік режиссер» номинациясын еншіледі.

2008 жылы Н.Жантуриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің «Қос жебе» қойылымымен қатысып, 2-ші орынға ие болды.

2010 жылы ұлы жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық, театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет министрлігінің бекітуімен А.Супатаева, Б.Шамбетов, М.Ақжолов, Н.Сәрсебаев, Б.Мамытбеков, Ш.Айтибаева, К.Ақжолова «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталды.

2014 жылы С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Республикалық театр фестиваліне Софоклдың «Эдип патша» қойылымымен қатысып, актер Б.Шамбетов «Үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

Бішкек қаласында өткен V Халықаралық "АРТ ОРДО" фестиваліне Гогольдің «Ревизор» спектаклімен қатысып, "Сыншылар көзайымы" номинациясымен марапатталды. Ал театр актері Б.Шамбетов "Ең үздік Ер бейнесі" номинациясын иеленді.

2016 жылы «Әбіш әлемі» театрлар фестивалінде Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұнарасы» дала балладасы «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленген.

2018 жылы режиссер Фархат Молдағали Мәдениет және өнер саласындағы жоғарғы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» сыйлығының лауреаты атанды.

VI Халықаралық «Самғау» театр фестиалінде театрымыздың режиссері Фархат Молдағали «ҮЗДІК РЕЖИССУРА» номинациясын жеңіп алды.

Театр жанынан режиссер Фархат Молдағалидің жетекшілігімен құрылған «StarTDrama» лабороториясы Румынияның Бухарест қаласында «86» soundrama жанрындағы спектаклімен өнер көрсетті.

Халықаралық театр күніне орай «Қазақстан театрлар ассоциясының» ұйымдастыруымен «САХНАГЕР-2018» Ұлттық театр сыйлығы бойынша «Үміт» номинациясының иегері – театрымыздың жас актері Айбол Қасым марапатталды.

Астананың 20-жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120-жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен өнер көрсетіп, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы» номинациясымен және Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығы – 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал театр актрисалары Аида Супатева Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен және 250 мың теңгелік сертификатпен, Мадина Өсербаева Қарагөз рөлі үшін «Үміт» номинациясымен және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

2018 жылы Өскемен қаласында Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестиваліне «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» бас жүлдесімен және 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды.

2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында өткен Халықаралық ІІІ «BALAUSA» эксперименталды қойылымдар фестиваліне М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, Гран-приді жеңіп алды.

Петропавл қаласында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыстық салтанатты жиын барысында ҚР Президентінің жарлығымен облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов театр директоры Біржан Жалғасбаев «ҚҰРМЕТ» орденімен марапатталды.

Семей қаласында 20-25 қыркүйек аралығында өткен Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестиваліне, Б.Жақыптың «Жан дауысы» soundrama жанрындағы спектаклін ұсынып, «Үздік режиссура» номинациясымен Фархат Молдағали марапатталды.

Қырғызстан Республикасы, Ош қаласында өткен Қырғызстан Республикасының Халық әртісі, Токтогул атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамал Сейдакматованың 80 жылдық мерейтойына арналған «ART-ORDO» VII Халықаралық театрлар арасындағы фестиваліне М.Әуезовтың «Қарагөз» soundrama жанрындағы спектаклімен қатысып, «Қарагөз» спектаклі үшін ІІ – орын иеленсе, Қарагөз рөлін сомдаған театрдың жас дарынды актрисасы Мадина Өсербаева «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын қанжығасына байлады.

Алматы қаласындағы «ARTиШОК» театрында 24-27 қазан аралығында өтетін «Post drama wekend» - те О.Бөкейдің «Жылымық» «Оттепель» премьерасын көрсетті.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры отандық театр өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірден-бір кәсіби қарашаңырақ.