Театр тарихы
Касса
8 (7152) 41-15-51,
41-25-32

Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры 2000-жылы режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбектің жетекшілігімен, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасымен ашылған.


Қара шаңырақ алғаш құрылған жылы белгілі режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбек бастаған Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі тұсауын кескен жас театрға қызметке орналасады. Қара шаңырақтың ашылуы қазақтың ұлы жазушысы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына сай келгендіктен, театрға оның есімін беру туралы шешім қабылданды. Театр тұсауы енді кесілген жас сәби сынды аяққа нық тұрып, болашаққа бет алатын екпінін аталмыш академияның түлектері қалағанын атап өткеніміз абзал. Олар Ж.Әміреев, Н.Садыбеков, К.Ақжолова, Е.Шүкіров, Д.Садуов, Қ.Жүнісов, Т.Сұлтанова, Б,Қажынабиева, Н.Мағауина, А.Алтыбаева, А.Әбдірешова, А.Сәрсенбаева, М.Айтмұхамбетова, Б.Жалғасбаев, М.Ақжолов, Р.Құсайынова, М.Құсайынов, Б.Мамытбеков, Н.Сәрсебаев, Т.Сыдықов, Қ.Айтибаев, Ш.Айтибаева, Б.Шамбетов, А.Супатаева. Содан бері театр аз жылдар ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдарды сахналап үлгерді. Айталық, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызы», Т.Минуллиннің «Диляфруздың 4 күйеуі», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы, М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиғасы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуы», А.Кирийдің «Зона немесе шибөрілері», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» т.б. Театрдың аз уақытта жеткен жетістіктері де аз емес.


2001-жылы IX Республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиға» қойылымымен Гран-приді жеңіп алды. Актер Д.Садуов Республикамыздың 10 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды.
2002-жылы Ғ.Мүсіреповтің туындыларына арналған Х Республикалық театр фестивалінде Б.Жалғасбаев пен Н.Мағауина «ең үздік Қозы» және «ең үздік Баян» номинациясын жеңіп алды. Актер Б.Жалғасбаев Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды және сол жылы актрисалар Н.Мағауина және А.Алтыбаева «Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты» атағын алды.


2003-жылы Каирде өткен XV Халықаралық театрлар фестивалінде «Шың басында» атты экспериментті қойылым үздік ондық қатарынан орын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталды.
2004-жылы XII Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен қатысып, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «Үздік режиссер» номинациясын еншіледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен, ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен VII Халықаралық жастардың творчестволық «Шабыт» фестивалінде П.Мерименің «Кармен» қойылымымен қатысып, сахнагер Н.Мағауина «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алып, фестиваль лауреаты атанды және «Театр тартуы» номинациясы бойынша театр ІІІ орынға ие болды.
2005-жылы Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған XIII Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» қойылымымен қатысып, сахнагер Е.Шүкіров «Актерлік дебют» номинациясын иеленді.


2006-жылы Б.Жалғасбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет белгісі «Мәдениет қайраткері» атағын алды.
2008-жылы Н.Жантуриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің «Қос жебе» қойылымымен қатысып, 2-ші орынды еншіледі.


2010-жылы ұлы жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық, театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет министрлігінің бекітуімен А.Супатаева, Б.Шамбетов, М.Ақжолов, Н.Сәрсебаев, Б.Мамытбеков, Ш.Айтибаева, К.Ақжолова «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды.


2011-жылы Театр оқу орындары мен театр жастарының 1-аймақтық эксперименталдық фестиваль-лабораториясына Т.Жүженоғлының «Тығырық» қойылымымен қатысып, үздік деп танылды.
2012-жылы І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне «Қыз Жібек» қойылымымен қатысып, актер Б.Жалғасбаев «Үздік ер бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. «Ізденіс іздерімен..» атты эксперименталдық театрлар фестиваліне О.Богаевтың «Dаwn-Wаy» қойылымымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша актерлер М.Құсайынов, Н.Сәрсебаев, М.Айтмұхамбетова фестиваль үздіктері атанды.
2014-жылы С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Республикалық театр фестиваліне Софоклдың «Эдип патша» қойылымымен қатысып, актер Б.Шамбетов «Үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды.


2014-жылғы 3-сәуірден бастап, СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бұйрығымен Б.Жалғасбаев театр директоры лауазымына тағайындалды.
2015-жылы Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында режиссер Баатырбек Шамбетов сахнаға Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының негізінде «Дауылпаз баба-Қожаберген» спектаклін шығарды. Дастанның инсценировкасын жасаған - А.Зағыпар және Б.Шамбетов. Бішкек қаласында өткен V Халықаралық "Арт Ордо" фестиваліне Гогольдің «Ревизор» спектаклімен қатысып, "Сыншылар көзайымы" номинациясымен марапатталды. Ал театр актері Б.Шамбетов "Ең үздік Ер бейнесі" номинациясын иеленді.
2016-жылы драма театрлары фестивалінде режиссер Б.Шамбетов «Режиссерлік шешімі үшін» номинациясымен марапатталған. «Әбіш әлемі» театрлар фестивалінде Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұнарасы» дала балладасы «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленген.


2017-жылы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай, театр Барзу Абдураззаковтың «Ревизор» комедиясымен Астана қаласына гастрольдік сапарға барды. Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған "САХНАДАН СӘЛЕМ" V Халықаралық театр фестиваліне «Қасірет» психологиялық драмасымен қатысып, дипломмен марапатталды. Дәл осы қойылыммен Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлерінің форум-фестивалінде Ф.Молдағали «Р.Есдәулетов атындағы арнайы жүлдеге» ие болды.
2018-жылы режиссер Фархат Молдағали Мәдениет және өнер саласындағы жоғарғы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» сыйлығының лауреаты атанды.Халықаралық театр күніне орай «Қазақстан театрлар ассоциясының» ұйымдастыруымен «САХНАГЕР-2018» Ұлттық театр сыйлығы бойынша «Үміт» номинациясының иегері – театрымыздың жас актері Айбол Қасым марапатталды. Театр актері Дінмұхмед Аяхвай Түркияның Кастамону және Анкара қалаларында өткен, қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында өнер көрсетіп қайтты. Театрымыздың жас актері Қабыл Ұлан соғыс тақырыбындағы әндер бойынша Облыстық «Мамыр жұлдыздары» байқауының Гран-при иегері атанды. VI халықаралық «Самғау» театр фестивалінде спектакль режиссері Фархат Молдағали «ҮЗДІК РЕЖИССУРА» номинациясын жеңіп алып, араға апта салып, II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде де өнер көрсетті. Әлемдік театр қайраткерлері мен театр сыншыларының жоғарғы бағасын алды. Театр жанынан режиссер Ф.Молдағалидің жетекшілігімен құрылған «StarTDrama» лабораториясы Алматы қаласында өткен «Откровение - 2018» 5-Халықаралық орындаушылық өнер фестивалінде «86» (soundrama) спектаклімен өнер көрсетті. Дәл осы спектакльмен Румынияның Бухарест қаласында өткен «Fest in pe Bulevard» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Астананың 20-жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120-жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен өнер көрсетіп, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы» номинациясымен және Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығы – 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал театр актрисалары Аида Супатева Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен және 250 мың теңгелік сертификатпен, Мадина Өсербаева Қарагөз рөлі үшін «Үміт» номинациясымен және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестиваліне «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» бас жүлдесімен және 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жаңа актерлермен толығып, қоржынында жаңа заманға сай сапалы спектакльдер қосылып, жыл санап өнер әлемінде кең қанат жайып келеді.